Ол Бек-алқаға жылына бір рет міндетті түрде қатынайтын. Туған ауыл, ел-жұртын емешегі үзіліп сағынғандықтан емес (қайбір екі туып, бір қалғаны бар), жыл бойғы табан ет, маңдай тердің құнын шығарып, ұшы-қиыры таусылмас шаруасының шалғайын қайыру үшін етектегі елге – Үлкен Жерге асығатын. ал шаруа, басқаны қайдам, Ерік үшін қайта айналып орнына келе берер күн мен түн секілді мәңгілік қозғалыстағы, мәңгілік айналымдағы дүбірлі дүние, таусылмас қазына. Сонау Таулы алтай өлкесімен қолтықтасып жатқан «Қатын суының» дәл кемеріндегі омартадан мынау Бұқтырма өзенін мінбелей орналасқан Бек-алқаға дейін атпен жүрсең – күншілік жол. Онда да таңның алғашқы хабаршы сәулелері тарап, елеңалаң шақ туа атқа мінбесең, қонаға жете алмай қаласың. Ерік бүгін тым ерте шыққан. Түнге қалсаң, тау арасындағы шөп көмкеріп тастаған жалғыз аяқ соқпақтан адасып, соқыраңдап сорың қайнайды, тек – астыңдағы атыңның жершілдігіне сенер едің. «Шашты» деп аталар асудың үстіне шыққанда, мұқым ойпат: сонау алтайдың күміс шашбауындай ирелеңдей аққан Бұқтырма өзені; сол ерке өзенді еміп, екі жағалауына өңірдегі түймедей қаз-қатар орналасқан үлкенді-кішілі ауыл; сол ауылдың ара-арасын құр жіптей шуатыла жалғап жатқан жіңішке жол; сол жолдың үстінде шаңнан шашу шаша құйғытқан замана көлігі – машиналар – бәр-бәрінің үстінен тас лақтырсаң,тұтып қалардай тұнып тұрған қою мұнар омарташы жігіттің көз алдына әлдеқандай бір сиқырлы сұлулықты елестеткен. Бірақ ол осынау көк мұнар қабыздаған көркем көрініске терең тебіреніспен сүйсіне қойған жоқ. Тіпті сол сылаңдаған сұлулықты әдібін ашып түсіне де қоймапты; жоқ іздегендей қанағатсыз көңілмен ұзақ қарап тұрды да, аспанмен таласқан заңғар асуды бауыздай бауырлап кетер қолдың тамырындай сан ирек, сан тарау соқпақты қуалап құлдай бастаған; құлдаған сайын жайлаудың әлгіндегі жаныңды жаннатқа бастап аймалаған салқын самалы биікте қалып, тамыздың таңдай кептірер аптабы алдыңнан анталай ұмтылады. Ол етектеген сайын өрмекшінің торындай көзге көріне шымырлап қайнап тұрған ыстық леп ындынын қаңсыта бастаған; ат тұяғы тиген сайын сырт-сырт етіп ыршып түсер шегірткенің миыңды тербеп зәрезап қылар шырылы құлақ тұндырады; ойдың шөбі пісіп қалған – мұрынға ерменнің кермек иісі келеді, ал басы сарғайыңқы тартып, қаулап өскен ақ ерменді кешіп өткеніңде басынан тозаңы ұшып, тиген жерін сап-сары ала тоңғақтап тастайды (3, 4 беттер).
Ауыл биыл ыстық екенін вертолетші жігіт Андрейден естіген. Шілде бойы шіліңгір ыстық басып, күнгей-күнгейдің шөбін күйдіріп, жаялықтай сарғайтып жіберіпті. Енді, міне, бедірейген аспанның омырауы семіп, тамыз басталғалы да бір тамбай, жер-көктің апшысын қуырып тұр. Етекке түскен соң, көкбесті жол жорғасына салды. Барар жерге тезірек апарып тастап, арқасындағы зілбатпан жүктен құтылғысы келгендей көсіле жортақтап, ауыздығын сүзе соза тарта жөнелген. Жас мал болғанда жүріске мықты, астынан ит өтіп жатса да, жымыраң кақпайтын мінезді жылқыны Ерік жан жолдасындай жақсы көретін. Құлын кезінен құндаққа орағандай мәпелеп өсірді, шошаң етер жерге шоқырақтатпай, осындай азамат тақымы, арғымақ арқасы сыналар ұзақ та еңку-еңку сапарға сақтайтын. Әзірге екеуі де сыр алдырған жоқ. маңдай мен сауырдан сорғалаған бір күнгі тер деген не тәйірі, ертең-ақ жайлауға қайтып оралған соң, екеуі қарға аунаған түлкідей түрленіп шыға келмей ме?! (5 бет)
Еріктің үйі дөңнің үстінде еді. Терезеден қарағанда анау ауылдың қора-қопсысы, мал-жаны, әсіресе үйіне кімнің кіріп-шыққаны алақандағыдай көрінетін. Дөңнің үстінде Бекалқаның қарауылындай қасқайып тұрған бұл үйдің иесінен осы ауылдың жасырын қалар сыры болмайтын. Екінші қабаттағы бөлмеге көтеріліп, тақтай қақпалы терезені ашып, әйнектен сонау ойда ордадай болып жатқан ел-жұртына көз салды. «моп-момақан, – деп күбірледі, – ішіне кірші, ордалы жылан секілді». «Кіндік қаның тамып, тұсауыңды кескен, балалығыңның бал дәурені өткен атақонысыңа атаңның құны бардай неге өшігесің?» деп, жер-жебіріне жетіп, тәубеге келтірер адам жоқ болған соң, күпір ойға бара береді де...
«Бекзат менің келгенімді білді ме екен?» Терезенің қақпағын айқара ашып қойды. Бұл – Еріктің түскенін сатушы әйел Бекзатқа сездірер белгісі еді (8,9 беттер).
Атақты «мұзтау» деп аталатын шың алтайдың мәңгі жығылмас, шаңырағы шайқалмас ақ отауы сынды еді. Міне, осынау шілденің ми қайнатар ыстығында пұшпағы шетінемей жататын, мұз құрсаулы шыңның алқымынан бұлақ болып басталып, арыны қатты арқыраған өзенге айналатын суды жергілікті қазақтар «Қатын суы» деп атағалы қа-а-а-ша-ан, одан бері де мың жыл өткен шығар-ау. Сол, әсіресе, бас жағы ақ айран болып басталып, Таулы алтай өлкесіне жақындағанда, тау-таудың омырауынан сандаған бұлақ саулап қосылып мөлдірленіп барып Обьқа құятын ағынды өзеннің солтүстігін алтайлықтар, оңтүстігін қазақтар жайлайтын. Қатын-Қарағай ауданы мен оған іргелес Үлкен-Нарын ауданының үйір-үйір жылқысы, қора-қора қойы, табын-табын сиыры жаз бойы емінеркін шүйгіндеп, тау басына алғашқы қар түскенде ғана етекке мамырлай көшуші еді. міне, сол Қатын суына Тихой (Тихая) өзені келіп құятын. Осы бір шағын өзеннің ерекшелігі сол, алтайдан мұқым өзен күнбатысқа бет алса, «Тихой» керісінше терең сайды қуалап күншығысқа ағатын. Өрге қарай аққан өзен тоқтап тұрған су секілді толқынсыз, айғай-шусыз, жым-жырт жатар еді. Бәлкім, сондықтан да «момақан» деп атап кеткен секілді. Қатынға құйған момақанның мөлдір суы біразға дейін ашулы өзеннің аққұла суына қосылмай, түсін бұзбастан қатарласа – жағаласа ағып барып, күштінің ырқына көнгендей өз бояуынан, өз келбетінен, өз тағдырынан айырылатын жарықтық. Дәл осы үлкенді-кішілі екі өзеннің құйылысындағы алақандай жазықта ағаштан қиып салған керіскедей үй тұр. Арпалысқан әлемнің әлегінен, даңғаза да мазасыз тіршілігінен қашып келіп немесе ұлы шерулі көштен адасып қалып, жападан-жалғыз қалған бұл үйдің иесі − біз жоғарыда әңгіме еткен, Ерік есімді омарташы жігіт. Алматыдағы дене тәрбиесі институтын бітірген, күрестен спорт шебері Еріктің жалпақ дүниенің барлық қызығынан жеріп, атты адам араға бір қонып, (онда да жаз айында, қыста жан баласы қатынай алмайды) әрең жетер ит өлген жерге кетуінің сырын ешкім де білмейді. Бұл үйдің ала жаздай анда-санда келіп тұрар жалғыз-ақ қонағы бар. Ол – орманды өрттен қорғаушы, вертолетші жігіт Прохор Александрович Лаптев. Омарташы мемлекетке тапсырар балды осы кісіден беріп жіберетін және Үлкен Жермен арадағы байланыс тек Лаптев арқылы жасалар еді (22, 23 бет).
Таудың күні қызық: арқаңды қыздырып, алдыңды жауратады. Далада жүріп-жүріп үйге кірсең, мұздан жасалған үңгірге енгендей қалтыратып жібереді. Қарағай дөңбектен қиып, мүктеп салған үйдің ерекшелігі сол – жазда салқын, қыста жылы болушы еді. Қазір бұл жерде не ыстық, не суық емес, моншаның табы секілді жайма-шуақ маужыратып ұйқыңды келтірер жылылық ұялаған. Аралар әлемі толассыз жұмыс қамында. Қаз-қатар тізілген қораптардың танадай тесігінен дамылсыз кіріп-шығып, мәңгілік қозғалыстың ұясына айналған. Осыны алты аяғы, төрт қанаты бар шыбынның жұмбақты тірлігі айнаны біржола өзіне баурап, сиқырлап алғандай еді. Қанша білдім, үйрендім, кітаптан оқып, көзіммен көрдім дегенімен әйтеуір, бір түйінін шеше алмай, өмірінің сырына қаныға алмай, семьясының заңдылығын түпкілікті ұға алмай қайран қалатын. Міне, қазір де быжынаған араның арасында тұрып та, ақылды жәндіктің асқан ерлігіне қайран қала сүйсінеді. «Өмір сүруді арадан үйренуіміз керек шығар» деп ойлады (31 бет).
Аралар қоғамының манифесінде әркімнің қабілетіне қарай, әркімнің еңбегіне қарай, еңбек етпеген ішіп-жемейді деген тарау жоқ-ты. Олар жұмыс істемеген ұяластарының белінен екіге бөліп тастайды, тіпті шағылыс үшін ғана қажет еркек араның өзін суық түсе ұясынан тепкілеп шығарып, еңбексіз табылған олжаға ортақтастырмас еді. Әрине, бұл қатал заң, бірақ аса қажетті заң әрі ғасырлар бойы өзін-өзі ақтаған заң. Алайда, оларда биліктің барлығын омарташыға беріп, солардың құлақкесті құлына айналғанын ұғар зерде жоқ еді; алайда дүниенің кілтін өз қолына алған адамзат төбесінен бақылап, басқарып тұрған бір тылсым күш барын сезбей жүр ме екен... мүмкін, мүмкін емес нәрсе жоқ (64 бет).
Ерік өзен жиегінде көп тұрды. Салт атты, жаулықты Қыз көрінбейді. Көңілін алаң биледі. Қарсы беткейге қарай-қарай қарашығы талып, жанары жасаурады. «Бүгін еді ғой келер күн». Иә, әр жылдың көктемінен бастап, қоңыр күзі түскенше, айына бір рет қылт етіп көрініп, Ерікпен алыстан амандасып, тілсіз тілдесетін Қыз бүгін кешікті. Оның себебін Ерік ешқашан біле алмайтын, тіпті сол аты-жөні, түр-түсі беймәлім алтай аруы ендігі тұрмысқа шығып – қайтып шықпас торға – семьялық торға қамалған шығар. Есекдәмемен жүрген жігіттің ел ағасы жасқа жеткенде, қиырдағы қиялдай қызға қызығары, біздер үшін, көрсеқызарлық болып көрінер еді. ал Ерік үшін өмірінің ең аяулы сәті, жүрегін дірілдетер асылы, арман құсы, дүниедегі жалғыз ғана көз қуанышы, шаршаған, шаршап барып болдырған жүйкесін жібітер, бойын сергітіп, ойын маздатар тамыздығы, ат болып кеткен тірлігінен адамға айналдырар құдіреті. айнаға деген саздау тартқан салқындықтың себебі, тіпті де Бекзат емес, осынау елес сынды салт атты қыз еді. Жарының жанына жақындаса болды, салт атты қыз көз алдына көлеңдеп, екеу арасына ала арқан керіп тұрып алатын. Осы бір ішкі қиналысын айнаға сан рет айтуға оқталса да, батылы барған емес. Қорыққаны емес, соңына шырақ алып жүріп қосылған қосағының көңіліне көлеңке түсірмеудің қамы еді (84 бет).
Нюра Фадеевна мен ұлының бостандығы тым қымбатқа түсті. мұны түрмеге қамаған күннің ертеңінде Қандауырдан жауап алған. Тағылған айып екеу: байдың қызына үйлендің, Жапонның шпионы Төлегеновтің тыңшысысың. Ол азар да безер мойындамаған, өздері жазған мойындау қағазға қол қоймай қасарысқан. НКВД-нің шолақ қол бастығы бір беткей жігіттің жігерін жасытып, жанын жарақаттау үшін жаңа айла ойлап тапқан. Ең әуелгі сұрағы, стол үстіндегі жатқан газеттерді нұсқап: «Газет оқисың ба?» дегеннен бастады. − анда-санда ғана, шаруадан қол тие бермейді... − Иә, сендер саяси сауатсызсыңдар... Орталық газеттерде не жазылып жатқанын білмеу – ұят! Халық жаулары алматыда да өріп жүр, тіпті әлгі өлеңшілер... не деуші еді... жазушылардың да жаулары көп... алашордашылардың ала күшігі мен Жапон шпиондарын әкесіне танытып жатыр.... − Оны маған несіне айтасыз. Оқыған адамдар арасында ондайлар болатын шығар. − Білсін деп... жә, әйелің бар айыпты айтып берді, сенің өкіметке жасаған астыртын әрекетіңнің түгелін түгендеп берді, − деді әдетінше кеңсенің ұзындығын өлшейтіндей тыным таппай адымдап. − Сенбеймін, − деген Қандауыр. − Сенбеймін. мойындаса, сауаты бар, қол қойдырып алған шығарсыз, көрсетіңіз. − малғұн! − деп бақырды нәшәндік. − Жаусыңдар! − Шолақ қолымен жағынан салып жіберуге оқтала бергенде, шапшаң қимылдаған Қандауыр одан бұрын қағып жіберді. азуы алты қарыс жоянбыз деп әспенсіген азаматтарды жалғыз құлатқан Шолақ қол мұндай қағылез қарсылықты көрмеген басы шошына тұрып қалған. − мықты екенсің, − деп, өп-өтірік күлді. − Бірақ сендей асаулардың талайының мойнын астынан келтіргенмін. Күресесің бе? «мынау жынды шығар» деп ойлады Қандауыр: − Жығылсам босатасыз ба, әлде жықсам босатасыз ба, осыған келісіп алайық. − Ултиматым қоя бастадың ғой... Оны көреміз. − Ендеше, күреспеймін.− Жақсы олай болса аядай кеңседе апыр-топыр алысып жатқанымыз ұят болар. Тоғай ішіне баралық. Кеттік. Шолақ қол жеке атта, Қандауыр милиционер жігіттің артына жайдақ мінгесіп жолға шықты. Боқмұрын баланың ат артына салған көргенсіздігіне қанша намыстанса да, көнбеске амалы жоқ. Бұқтырманың жағалауындағы қалың тоғайға жетелер жалғыз аяқ соқпаққа түсіп асықпай аяңдап келеді. Қашып кетер деп қауіп қылды ма, тұтқынның қолын артына қайырып байлаған және оны ел көзінен жасыра үстіне шапан жапқан. Бұл қалпында балық аулауға шыққан бейбіт адамдардың сықпытын аңғартады. Құйрық тістесе артта – әдейі артта келе жатқан Шолақ қолдың тақымына кыстырылған құрығы бар (113,114 беттер).
Нюра күйеуіне ұмтылып, қапсыра құшақтап айырылмады. Екеуі аймаласып, етектерінен тартқан баланы ұмытқандай болып еді. «Папа, үйге қайтайық», − деп ол шырқырай жылап қоя берді.Баласын жерден тіке көтеріп алып, бетінен сүйген әкесі: «мамаң екеуің үйге жүре беріңдер, мен артынан барамын», − деді кеудесін керген өксікті әрең басып. Жүйе-жүйесі босап, үні қарлығып шықты. Нюраныңда омырауы жасқа боялған. Бұларды Шолақ қол ажыратты. Ана мен баланы күшке сап итеріп, сыртқа алып шықты да, түрменің шоқпардай темір құлыбын кілттеп, жапты. «Папалап» есікті тырмалаған баласын зорға дегенде қолтығынан көтеріп, тыраңдатқан қалпында жылап еңіреп үйіне қайтқан Нюра өз ошағына жеткенше көз жасын тыя алмады. Бұл шақта таудың ұшар басындағы ұшпа бұлт етекке қарай жөңкіле көшіп аяқ астынан жел тұрды. Жапырақ жайған ағаш басы арпалыса суылдап, сабалақ жүнді бірлі-екілі ешкі қора-қораның ығына қарай тырағайлап барады. Желіккен желмен бірге жарыса түскен жаңбырдың хабаршы тамшылары жетіп, әлгінде ғана будақтай көтерілген қара жолдың шаңын жерге шегелей бастаған. Қара бурадай құтырына жөңкілген бұлт бір-бірінен жерігендей үрке орналасқан бытыраңқы үйлердің жиналмай қалған кірін желпілдетіп, албастыдай апай-топайын шығарды. Тамшының арты бұжыр-бұжыр бұршаққа айналып, тақтай шатыр, қаңылтыр пештерді таңқылдатып, төбеңді оярдай пәрменмен сабалаған. Барабандап бастаған бұршақ қарақошқыл бұлттың құсығындай, далада жүрген тіршілік иесін бұрыш-бұрышқа, ықтасын-қуысқа қуалап тықты. Жер беті аппақ маржанға бөгіп,алтайдың алты айрығынан саулап бұлақ ақты. Бұлақтың іші толған ақ моншақ – әрі суық, әрі сұлу көрініске есік-терезеден сығалай мәз балалардың кейбір шыдамсыздары жалаң аяқ, жалаң бас далаға шапқылап шығып, шекесін ісіріп қайта оралады. Ең ғажабы, дәл сол күні бір жағы ақ, бір жағы қызыл бұршақ жауды. «сол күн, сол ерекше бұршақ кешегідей жадымда. Мен байғұс қанндауырымнан мәңгілікке айырылдым деп ойладым-ау», − Нүрке кемпір тағы да ауыр күрсінді. (123, 124 беттер).
«Ол да кетті ұрпақсыз, − деп күрсінді Нүрке кемпір. Тәңірім-ай, мылтық тарс еткен - де қызымның шырылдап жылап қоя бергені. Айғай-ұйғай мен алғашқы дауысты естімей қалыпты, артынан баламның аузын тұншықтыра баса қойдым. Тек мұрнымен ғана дем алған құлыным, олар ұзап кеткенше өліп қала жаздағаны-ай» алтайдың мұқым орман-тоғай, сай-сала, бұта-қарағайын аппақ мамыққа бөлеп қар жауды. Бұл шақ қарашаның қара суығы ашуын азайтып, тау ішіне үп еткен желсіз жуас та жұмсақ тыныштық орнаған момын шағы еді. алғаш рет қыстың таза қары түскенде, азынаған ызғырық азаятын да, әдемі бір жылымық орнайтын. міне, биыл кештеу келген есесін алғысы келгендей күні-түні қапалақтап жауып, тізеден келетіндей омбыға айналды. алтай қысының да өз сұлулығы, еш жерге ұқсамас ерекше бір әдемі суреті болушы еді. Әсіресе, жалғызақ күнде салаң ете қалатын қысының жұмбақты да жымжырт кейпіне қарасаң, көктемге бергісіз жаныңды жарылқар сыршылдығын аңғарасың. амал не, осына ішкі сарайыңды сансыз сиқырлы әуезге бөлер сабырлы қуанышың салқындап барып, тым келте қайырылар еді... (137 бет).
Тағанның таң қалғаны бұл да емес – тыныш тіршілік Қатын суының жағасында да бар. Тағанның таң қалғаны – осынау өр алтайдың малшылар мен аңшылардан басқа жан аяғы баспайтын қуысында, ерте дүние дәуіріндегі секілді, тас үңгірді баспана, табиғаттың тағыларын қорек етіп отырған Шалдың қаймана жұрттан қашаң тартқан тірлігі – қомақты қоғам, дүбірлі дәуірден өгейси көшіп, өз қотырын өзі қасыған оқшау кәсібі еді. Тағанды таң қалдырған бұл ғана емес – ауыл-аймақ, бота-тайлақтан тек қара басы ғана ауа көшсе, саяқтаса жарар еді-ау, пендеге берілер санаулы жасының көбі кетіп, келтеленген шағында оған бәрі жарасар; өзімен бірге т-у-у ит арқасы қиян – ел-жұрты жоқ жетімсіреген жерге қаршадай екі баланы ерте кеткені. Олар күні ертең – ер жете келе қар адамы секілді жабайыланып, жан адамға жуымайтын тағыға айналып кетсе, мынау мәре-сәре өмірдің қызылқырман қызығынан мақұрымданып, маңып қалса қайтер... Шалға лағнет жаудырып, өкінішті өмір кешпей ме? Бұл қалай сонда? Үңгір-үйдің ішіне еңкейіп кіргенде туған осы ойлардың ұшығын таба алмаған жігіт айналасына аңтарыла қараумен болды. Үлпершектей үлбіреген ұл мен қыз аса бір ізет, иманды инабаттылықпен сәлем берді де, атасының мойнына асылып, аймалап, сағыныш-мауқын басты. Үңгірдің іші кең. Кеңдігі соншама, тас қанатты ағаш дөңбекпен қаптап, еденін тақтайлап, екіге бөліп екі бөлме жасаған. алдыңғы бөлме – ас ішетін, ал, анау төргі бөлме жатын үйге ұқсайды. Бір қараған адамға қарапайым ғана тіршілік үшін керекті заттың бәрі бар деуге болады. Тап-таза жиналған. Қабырғаға қағылған аюдың терісі, оның азу тісі ақсиған басына арбайған бұғы мүйізі қағылған. мүйіздің әр саласы бос емес, мылтық, оқшантай, тағы да басқа керек-жарақтар ілінген. Қамшының неше түрі бар екен, сан түрлі өрім, сан түрлі сап, Шалдың еріккендегі ермегі қамшы өру секілді... ыдыс-аяқ та ағаштан ойылған. Қалайы мен шыныдан жасалғандары жоқ деуге де болады. Кіреберіс іргедегі пеш те тастан қаланған, тек үстіне ғана темір плита төселген. Есік алдында көзге шалынбағанымен, мал басы бар секілді. айран ұйытулы тұр (174 бет).
Қайың салмада сүрленген ет ілінген. Қазір күн жылы болған соң, отты есік алдындағы жер ошаққа жағып, тамақты далада пісіреді білем. Жерошақтағы шағын ғана шойын қазаншада бүлкілдеп қайнаған еттің иісі есіктен кіріп, мұрныңды жарады, қарныңның ашқанын есіңе салады... (175 бет)
Шалдың шалқып бір сөйлеген сөзінен іштей үндестік тапты ма, Таған жанған отқа тесіле қарап, үндемей тыңдап отыр. Түн суытты.ай әлі шыққан жоқ. Қыркүйектің алғашқы күні жаңбырсыз басталғанмен, көп сағындырмай келетін жаңбырдың хабаршысы кісінеп жатыр. Ол орман күшігені еді. Көл көрінбей қалды. Таудың бүкір белі де тегістеле сүлделеніп, тек қарауытқан қара жоны ғана болжанады. Оттың жарығы от басындағы екеудің сұлбасын ажарлап, жанарларында жалын жанып, бозарыңқы тартқан боз дүние кешкендей мұңлы да жуас кейіпте. «Бұл дүниеде қашып тығылатын жерің, сыбырласар сырласың, еркелетер елің болғанға не жетсін» деп ойлады Таған. − Бәйбішем қайтыс болған соң, қайтып үйленбедім, − деді Шал «арқарын» отты шаламен тұтатып, − бала көтермеген кісі еді. Кінәлі ол емес – мен. Менде емес – соғыс... Он жетіге толмай әскерге алды. Колхоз бастығы өз ұлының орнына жасымды үлкейтіп мені аттандырып жіберді. Бізді Сталинград қырғынына салды. Екі солдатта бір мылтық. Жаныңдағы мылтықтасың өліп, өз қолыңа қару жеке тиген сәтті армандайсың – күнәлі болсаң да армандайсың. Біз әншейін маскировка екенбіз. Нағыз майдан, негізгі күш басқа жақта жүріп жатыпты. Ол жойқын күштен бейхабар жау барлық қаруын бізге жұмсап, ажал бүркіп төпелей берді. Осы кезде, әбден әлсіреген Паулюстың ту сыртынан айналып өтіп, қоршауда қалдырады ғой. Ал дұшпанның мешені болған біз қынадай қырылдық. Әне, сол алапат арпалыста қатты жараландым. Ер адамға ең керегі – белден айырылдым. Ұрпақсыз қалдым. Қайтейін, бір әулеттен түрегеліп дәрет сындырар бір өзім едім (181 бет).
Айна есік алдына шыққанда, әлемді әктеп тастаған аппақ шықты көрді. Күндегіден де бүгін қалың түскен екен. Түн суық болғанға ұқсайды. Биылғы күздің ұзақ әрі жауын-шашыны аз боларына осы таңғы шықтың тым қалың түсуі кепілдік бергендей... Кеше аң қарауға аттанған Еріктен де, Шалды іздеп кеткен Тағаннан да сыбыс білінбейді. «Бәлкім, ұйықтап жатқан шығар» деп, қойма сарайдың жыртиған сыңар терезесінен үңіліп еді, келімсек жігіттің белі кеткен жайдақ нары бос көрінді. маңайда жан баласы жоқтығына еркелей еркінсіп, рақаттана есіней керілді. Таңғы салқын ұрған денесі сәл қалтырағандай болып, үйдің бұрышын айнала беріп еді, аппақ болып теңкиіп, шық үстінде тыр жалаңаш жатқан кісіні көрді. ал дегенде таңғалды, қорқыныштан гөрі әуестік билеген. Өлітірісі белгісіз сұлық жатқан кісінің екі жағында қыбырсыз құлаған екі баланың анадан туғандай қызыл шақа денесін байқағанда, бақыра шошып кері шегінді. Өңменіне мірдің оғы тигендей, ес-ақылдан айырыла шалқалай құлады. Шалқалай құлағанда, өкшесінен қаққан дөңбек те себепші болып еді. Талып түсті. «ап-а-а-а!» деген айқайға Нүрке кемпір қанша елеңдесе де, орнынан қозғалар дәрмен жоқ. «Не болды, құдай, не болды?»−дей қарманғаннан өзге қайранға бара алмаған. «апалаған» дауысты әжетханада іш босатып отырған Ерік те естіді. Бірақ табиғи қажеттілікті өтегенше тырп етпеген. Ол жортуылдан құлқын сәріде оралған. Кеше кешке сәті түсіп атып өлтірген кірекейдің екі қонжығын қоса өңгеріп сүйрелеп жеткізгенше, таң атып еді. алғашында орман ішінде сойып, терісін сыпырып алып, денелерін тастап кетейін деп тұрды да, етін қимады. Етінен бұрын жараға мыңда бір дауа өтін бүлдірмей алу керек еді... Содан үйдің іргесіне әкеліп сойған... терілерін шелдеп тазартып, тұздап жайған соң, «уһ» деп жаңа ғана отырған беті еді... «апа» деген дауыс қайтып қайталанбады. Жым-жырт. Қатын өзені де мұз болып қалған секілді ме-ау... Жоқ, сол ғана шеке тамырыңды солқылдатып арқыраған. Әдеттегі үйректей шайқалып басар жүрісіне салып үйге жақындай берген еді, аюдың ар жағында жайрап жатқан әйелін көрді. Дегенмен, жүрісін, өзгерткен жоқ, асықпай адымдаған қалпы, жанына келіп тұрды. − Әй, не болды саған, ішіп алғаннан саумысың? − деп, қаздиған қалпы аса бір қатыгездікпен аяғымен түртті. айна қимылсыз. Жүрелеп отырып тамырын ұстады... Саспас, міз бақпас мінезімен үйге кірді. Есіктен кірген ұлына алая қараған шешесі: − айна неге мені шақырды, қол жұмсағаннан саумысың? − деп қадала сұрап еді... − Білмеймін, талып жатыр. аюдан шошыған секілді, − деп, дүңк-дүңк жауап берді. − Құдай-ау, аюы несі... Не деп міңгірлеп тұрсың. Ұшықта, ойбай, ұшықта! − деп, зарлаған анасының сөзінен тез құтылғысы келді ме, бір аяқ су алып шыға берген.− Сүт араластыр, сүт. Тәңірім-ай, осыншалық неге тоң мойын ғып жараттың екен... − Басталды,−деді суға сүт құйып тұрған Ерік.−Көздеріңе күйік болып жүрген мен болсам, қарамды батырайын... Күндерің не болар екен! − Құдай үшін, тез баршы, ұшықташы. Әкелші менің қасыма! Еріктің бетіне бүркіп жіберген қыламық суы әсер еткен айна денесі дір етіп, көзін ашты. Құп-қу болып кеткен жүзі жан кіргендей, сәл лыпығандай. Күйеуі ұртын толтыра ұрттаған суды тағы да бүркей берем дегенде, басын шайқап, өте әлсіз үнмен: «Керек емес, − деді, − қолтығымнан сүйеші, тұрайын». Ерік қапсыра құшақтаған күйі тік көтеріп алды да, үйге жөнелді. Еріктің мығым мойнынан құшақтай асылып, әлдеқандай бір әлди билеп көзін жұмып, осы бір тәтті сәтті көксегендей әсерленді. «Саған еркелеу үшін анда-санда талып қалу керек екен», − деді баяу да жұмсақ үнмен құлағына сыбырлап. «Ерегістірме, тастай саламын». «Тастасаң таста, енді арманым жоқ». Көтерген қалпы айнаның «апамнан ұят болады, түсір» дегенін тыңдамай, шешесінің жанына жатқыза салды. Нүрке кемпірдің ызыңын естуден зәрезептенді ме, лезде шығып кетті (185, 186, 187 беттер).
Келер жылдың көктемі шығып, жабағыланған сіреу қар еріп таусылып, арқырап өзен тасып ағаш бүрлеп, гүл бас жарғанда, Ерік жылдағы әдетінше Қатын суын құлдап, тарихи мекеніне барған. арғы беттегі шынарға жанарынан су аққанша қарады. Әне, көрінді! Сол! Өзі! Ақбоз ат мінген сұлу! Омарташының ғашығы! аттан түсіп жетелеген күйі, өзен жағасына келді – тым жақыннан көрінді. Қолын бұлғады. Ерікте ес қалмады. Суға түсердей болып, жағалауға мінбелей ынтыққан. «а, құдай, араға айналсам екен, ара болып арғы бетке ұшсам екен» деп тізерлей отырып, қолын аспанға соза, бар болмысымен тіледіай, тұңғыш рет зар еңіреп жылады-ай... Құдайдың құдіретімен омарташы араға айналды... бірақ бал арасына емес, малға тыныштық бермейтін көкбас сонаға айналды. айналуы сол екен, арғы жиектегі Қызға зымырай ұшқан. Ұшқан қалпы ғашығына жетіп, иығына қонды. Не болғанын білмей сасып қалған Қыз қолындағы екі бүктелген қамшымен сескене салып қалғанда, енді ғана арманына жеткен «Ерік-Сона» қанатын серпуге шамасы жетпей, тырапай асып домалап түскен... мәңгілікке... Қатын суының айлағындағы керемет үй, көл-көсір байлық, қора толған мал, бал аралары иен қалды. Қалса – қалсын, көп ұзамай Қатынға тоған орнатылып, су көтерілгенде, бәрібір шіріп астында қалады... Су астында Нюра Фадеевнаның жетімсіреген зираты да қалады... «НЕГЕ БІЗ ОСЫ...» (214, 215 беттер).